Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Қала басшысы әкімдік мәжілісін өткізді

Қала әкімі  Александр Вербняктың төрағалық етуімен   кезекті мәжіліс өткізілді. Отырыстың жоспарына сәйкес 3 мәселе қаралды.

Мал қыстағына дайындық барысы жөнінде ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өтен Токуров баяндады.

- 2015-2016 жылдардағы қысқа болжам бойынша күтілетін мал басының саны 46579 шартты басты құрауда. Осындай мал басын қыстан аман алып шығу үшін нормативтік есептерге сәйкес 30 мыңнан астам тонна мал азығы бірлігін дайындау қажет. Шаруашылықтардың барлық санаттарында 34379 тонна мал азығы, 71860 тонна ірі мал азығы дайындалды, - деп мәлімдеді Ө. Токуров.

         Ішкі саясат бөлімінің басшысы Зинаида Мұхаметжанованың ақпараты бойынша, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны орындауда өңірде терроризмге қарсы комиссия және діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес жұмыс істейді, олардың кезекті отырыстарында 12 мәселе тыңдалып, 46 ұсыныс берілді. Діни ахуал мониторингі тұрақты түрде жүргізіледі. Өңірде әділет департаментінде тіркелген 18 діни бірлестік жұмыс істейді. Халықтың діни сауаттылығын арттыру үшін 2 қалалық және  оқу орындарының 47 ақпараттық–насихаттау топтары қызмет етуде. Өткен кезеңде ақпараттық–түсіндіру жұмысының барлық түрлерімен 12215 адам, соның ішінде 6884 жастар өкілдері қамтылды. 168 кездесу, дәріс, дөңгелек үстел мен пікірталас алаңдары өткізілді. 14 мыңнан астам кітапша, буклет пен үндеухат таратылды. 

Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қанат Капуов Екібастұз қаласының тірек ауылдық елді мекендерін дамыту жөніндегі 2014-2018 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарының іске асырылу барысы туралы толық есеп берді.

Екібастұз қаласында 4 тірек ауылдық елді мекен белгіленген. Оларға ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша жоғары Ә.Марғұлан атындағы және экономикалық әлеуеті орташа Ақкөл, Шиқылдақ, Төрт үй ауылдары кіреді.  2014 жылғы 12 желтоқсандағы облыстық мәслихаттың №304/37 шешімімен бекітілген кешенді жоспар экономикалық қызметті, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, елді мекендердің және өткізу нарықтарына дейін көліктік қол жетімділікті кеңейту, мемлекеттік және коммерциялық қызмет көрсету орталықтарын құру және дамытуға бағытталған шараларды қарастырады. 2015 жылға 26 іс-шара қарастырылып,  23,6 млн. теңге  қаражат бөлінуі тиіс. Бүгінгі таңда 17,7 млн теңге немесе 75,0% игерілді, соның ішінде республикалық  бюджеттен – 4,5 млн  теңге, қалалық бюджеттен – 3,3 млн  теңге, бюджеттік емес көздерден – 15,8 млн  теңге.

            Әкімдік мәжілісінің барлық мәселелері қаралып, әр мәселе бойынша шешім қабылданды.