Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Өрттен жапа шеккендерге көмек көрсетілді

Қазанның төрті Құдайкөл ауылында бес отбасының шөбі мен қорасы өртенген еді. Ойламаған жағдайда орын алған апат бес үйдің жаз бойы тырнаштап жинаған шөбін қас-қағым сәтте күлге айналдырып тынған болатын. Қызыл жалын Құрметбек Төңкерханның шөбінен басталып жағалай іркес-тіркес салынған төрт бірдей қораның күлі көкке ұшқан. Алайда апат күндіз орын алғандықтан мал мен жанға зиян келмепті. Осы оқиғадан кейін қала әкімінің нұсқауымен бірқатар басшылар атқа қонып, үш апта өтпей-ақ бес отбасының қора-қопсысын қайта қалпына келтірген.    

– Өрттің шығу салдары әлі күнге белгісіз. Ауылдық жер болғаннан кейін түрлі апаттар болып тұрады. Біз де қол қусырып қарап отырмай, қайта қалпына келтіру жұмысына қызу кірісіп кеттік. «Қайырымдылық» қоры берген 500 мың теңгеге ауыл тұрғындары Олег Кучков пен Руслан Ермековтан 60 тонна шөп сатып алдық. Зардап шеккен шаруалар енді малдың қысқы азығынан уайымдамайды. Ал қоралардың қалпына келуіне «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Шығыс» кеніші көмектесіп 400 шпал, 30 катучка әкеліп берді, – дейді ауыл әкімі Н.Винс. 

Ынтымағы жарасқан Құдайкөл ауылының халқы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, аз уақыттың ішінде бес отбасының қорасын қалпына келтіріп, 160 мың теңгеге жуық көмек қаражат атапты. Орыс жігіті Алексей Селко өз тракторымен ауыр бетондарды қоюға қолғабыс етіпті. Осы жолы өрттен зардап шеккен ауыл тұрғыны Санат Сәнидің айтуынша, өрт жағдайын білуге қала әкімі Александр Вербняктың өзі келіп, қатысты орындардың басшыларына нақты тапсырмалар беріпті.

 – Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өтен Боранбаевқа, Екібастұз қалалық және Ақсу ауданына қарасты Қалқаман, Парамоновка ауылдарының өрт сөндірушілеріне, сондай-ақ ауыл әкімі Николай Винс пен ауыл әкімінің орынбасары Ақан Маратұлына алғысымыз шексіз. Ендігі қалған зиянның орнын әр отбасы өзі көтеруге тиіс. Өйткені, өрттің қалай шыққанын ешкім білмейді. «Апат айтып келмейді» дегендей, ең бастысы мал мен жанымыз аман. Соған шүкірлік етеміз,– дейді С.Сәни.

 

Б.ЛАҚАДЫЛ