Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Қала әкімі ҚТЛ-дың ашылуына қатысты

Бүгін Екібастұзда дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы көптілді лицейдің филиалы ашылды.

Салтанатты ашылу рәсіміне Екібастұз қаласының әкімі Александр Вербняк, «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Абдурахман Сел, Павлодар облысы білім беру саласындағы бақылау бойынша Департаментінің басшысы Орал Каппасов, Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітова қатысты.

Қала басшысы балаларды, ата-аналарды, ұстаздарды жаңа білім беру мекемесінің ашылуымен құттықтап, барлығына мықты денсаулық, амандық, ертеңгі күнде сенімділік, лицейліктерге толағай табыс пен сапалы нәтижелер тіледі.

- Біздің қаламызда лицейдің ашылуы тегін емес. Облыстық қазақ-түрік лецейіне түскен оқушылардың көбі, яғни 50-60%-ы - Екібастұздың оқушылары, - деді А. Вербняк.

Лентаны қиған соң, лицей директоры Артур Тулепбеков жоғары деңгейде жабдықталған жаңа оқу кабинеттерін аралатып, таныстырып шықты.

Мектеп он оқу кабинетімен жабдықталған. Онда тестілеуден өткен 50 оқушы білім алады. Оларға 14 білікті педагог сабақ береді.

Лицейдің негізгі мақсаты - әлемдік деңгейдегі үздік білім беру, өз халқының салт-дәстүрлерін қадірлейтін, отаншыл, білімді жастарды тәрбиелеу.