Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Елдікті ұлықтаған мереке

Сенбі күні Павлодар қаласында Қазақ хандығы құрылғандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Шараға облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысты.

Орталық алаңда өткен шара Қазақ хандығы жайлы театрландырылған көріністен басталды. Үш жүздің басын қосқан Абылай хан тұсындағы қазақ пен жоңғар шапқыншылары арасындағы ұрысты негіз еткен көрініс сәтті сахналанды. Ақ найзасын қолға алып, ақ боз атқа мінген жас Абылай қалмақтың батырын аттан аударып түсіріп, ерлігімен ел көзіне түседі. Сөйтіп, Абылайды ардақты жұрты ақ киізге отырғызып хан сайлайды.

Бұл көріністен кейін алаңға жүздеген бишілер шығып би билеп, егемен еліміздің жарқын бейнесін бейнеледі. Сол арқылы Елбасының салиқалы саясатын насихаттады. Сондай-ақ, әр халықтың ұлттық тағамдарының көрмесі ұйымдастырылды. Бір айта кетерлігі, облыс орталығында өткен осынау салтанатты шараға өңіріміздің барлық аудандары қатысып, ақшаңқан киіз үйлерін тігіп, әрқайсысы өз алдына мерекелік концерт қойды. Көпшілік Екібастұз бен Шарбақты аудандары өнерпаздарының өнерін «Бөгенбай» ауылының алдында тамашалады. Оған қала әкімі Александр Вербняк, қала әкімінің орынбасары Айгүл Марданова, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айжан Жұмабаева, «Атамұра» мәдениет орталығының директоры Нұрсұлу Төлеубаева, қалалық өлкетану музейінің директоры Нағима Смайылова қатарлылар қатысып, мерекелік шараның өз деңгейінде өтуіне көмегін тигізді.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев алаңдағы мерекелік жиынның ашылу рәсімінен кейін әр ауылдың киіз үйлерін аралап, әр үйдің безендірілуі мен онда қойылған ұлттық бұйымдарды тамашалады. Ең алдымен «Бөгенбай» ауылына ат басын тіреген Қ. Алдабергенұлы екібастұздықтардың өнеріне тәнті болды. «Атамұра» мәдениет орталығының қызметкері Алмагүл Жүгінісова облыс әкімінің алдында елдігіміздің үлкен бір белесі болған Қазақ хандығының 550 жылдығына арнау өлеңін тарту етті.   

Сонымен қатар, халқымыздың қонақжайлылығы мен сал-серілердің ауыл-ауылды аралап өнер көрсететін дәстүрі әр аудан өнерпаздарының бірін-бірі шақырып, сый көрсетуімен көрініс тапты. «Бөгенбай» ауылына «Малайсары» ауылынан қонақтар келді. Олар ән-жырымен қоса бағалы сыйлықтар табыс етті. Ал «Бөгенбай» ауылының адамдары «Малайсары» ауылына барып дәм татып қайтты. Бұл қазақ халқының айрандай ұйыған ынтымағын, озық салт-дәстүрінің айғағындай әсер етті.

Алаңның бір шетінде түрлі салмақ дәрежелері бойынша қазақ күресінен жарыс өтіп жатты. Сонымен қатар, қолөнер бұйымдарының көрмесі болды. Алтыбақан теуіп, ән тыңдаған керекуліктер жақсы көңіл-күймен тарасты.

Отарқа газетінің тілшісі,

Б. ЛАҚАДЫЛ