Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Павлодарда «Павлодар картобы-2015» жәрмеңкесі өтеді

2015 жылдың 4 қыркүйек күні «Қазагромаркетинг» АҚ Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп екінші аймақтық «Павлодар картобы-2015» жәрмеңкесін өткізеді.

Іс-шараның мақсаты жергілікті картоп және көкөніс өсірушілерге әлеуетті тұтынушылармен ұзақмерзімді серіктестік қарым-қатынастарды орнатуға қол ұшын бере отырып, оларға өнімдерін өткізу үшін нақты көмек көрсету болып табылады.

Жәрмеңке аясында павлодарлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жетістігі көрсетіліп, Қазақстан мен Ресей Федерациясының іскерлік сала өкілдерінің кездесуі ұйымдастырылады.

Жәрмеңкеге қатысу үшін мемлекеттік құрылымдар, сауда желілері мен супермаркеттер, тауарлық биржалар, ірі көкөніс сақтау қоймалары мен базарлар, логистикалық орталықтардың өкілдері мен әлеуетті инвесторлар және басқа да мүдделі тұлғалар шақырылады. 

Бүгінгі күні Павлодар облысы еліміз бойынша суармалы жерлерде картоп өндіру бойынша жетекші орынға ие болып табылады. Мәселен, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметі бойынша 2014 жылы республикамызда суармалы жерлерде өсірілген картоптың жалпы көлемі 9 015 205 центнерді құраса, Павлодар облысы бойынша бұл көрсеткіш 1 878 985 центнерге немесе республикалық көлемнің 21%-на тең болған.  

Жыл сайын облыста суармалы егіншіліктің алқаптары артып келеді. Биыл былтырғы жылмен салыстырғанда картоп егістігінің алқабы 2,2 мың гектарға немесе 16%-ға артып отыр. 470 мың тонна өнім алу жоспарланған, бұл былтырғы жылдың түсімінен 33,9%-ға артық (351,1 мың тонна).

Өз сапалық көрсеткіштерінің нәтижесінде павлодарлық картоп еліміздің нарығында ғана емес, шетелдік нарықтарда да (Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан) танымалдылыққа ие.

Жәрмеңке Павлодар қ., Достық Үйі, 1 Мамыр көшесі, 35/1 мекенжайында өтетін болады.

Іс-шараға қатысу үшін өтінімдерді 2015 жылдың 1 қыркүйегіне дейін s_kam@kam.kz электрондық мекенжайына немесе 8(7182)55-87-62 тел./факсына жолдау қажет. Сонымен қатар 8(7182)55-87-62 нөмірі бойынша жәрмеңкеге қатысты сауалдарға жауап алуға болады.

 

«Қазагромаркетинг» АҚ-ның Баспасөз қызметі