Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Зеленая роща ауылында соғыс ардагерлеріне арналған монумент ашылды

8 мамыр күні Ұлы Отан соғысының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Ақкөл ауылдық округінің Зеленая роща ауылында соғыс ардагерлеріне және тыл еңбеккерлеріне арналған «Тағзым» монументі және «Ер есімі – ел есінде» гүлзар бағының ашылуы болды.

Аталмыш шараға Екібастұз қаласының әкімі Александр Вербняк, ауыл тұрғындары және қонақтары қатысты.

- Бұл ескерткіште сұрапыл соғыста туған жерімізді қорғаған ауыл тұрғындарының аттары қашап жазылған. Шідерті ауылынан 116 адам майданға аттанып, 47-і оралған жоқ. Құрметті жерлестер, бүгінгі шара Сіздердің арқаларыңызда өткізіліп жатыр. Сіздерге шексіз ризашылығымды білдіремін. Ерекше алғысымды осы монумент және гүлзар бағының ашылуына қомақты үлес қосқан «Табыс» шаруа қожалығының  басшысы Манат Алғамбаровқа және де осы жобаның авторы танымал суретші Бота Мәшіраповқа айтамын, - деді қала басшысы.

Монументтің салтанатты ашылу рәсімін Александр Вербняк, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Бөкен Қызғарин және бұл игі іске ұйытқы болған ауыл тұрғыны Манат Алғамбаров өткізді.

Осы шараға соғыста қаза тапқан Тойшыбаев Жұмабайдың ұрпақтары да келіпті.

- Атамыз соғысқа кеткенде артынан бір ұлы, менің жолдасым, төрт жасында қалыпты. Соғыста неміс қолынан жараланып, үйге келді, жазылғаннан кейін тағы да қан майданға аттанып, қайта оралмады. Аллаға шүкір, ат тұяғы қалып, қазір немере-шөберелері бар. Ауылымыздың Отан үшін от кешкен жандарына және соғыстан кейін елге аман-есен келіп, туған жермізді қайта құруға ат салысқан майдангерлер рухына тағзым етемін.  Бүгінгі салтанат бәрімізге ортақ, әсіресе қайырымдылық танытқан Манат Қажыбекұлына рахметімді айтамын. Баршаңызға бейбіт өмір, құт-береке тілеймін,  - деді   Жұмабай атамыздың келіні Күлән әжей.