Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Мүлікті жария етуді өткізу туралы

2014-2015 жылдары мүлікті жария ету жөніндегі мемлекеттік акция  Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 30 маусымдағы «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» № 213-V ҚРЗ Заңына сәйкес жүргізілуде.

Мүлікті жария ету 2014 жылғы 1 қыркүйекте басталды және 2015 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Мүлікті (ақшадан басқа) жария етуге ұсыну үшін құжаттарды тапсыру мерзімі 2015 жылдың 30 қарашасында аяқталады. 

2014 жылғы 1 қыркүйекке дейiн өздеріне тиесілі болған және өздері алған мүлiктi жария ететiн және жария еткен жария ету субъектілері жария етуге қатыса алады. Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдар мүлікті жария ету субъектілері болып табылады.

Мынадай мүлік: ақша; бағалы қағаздар; заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі; оған құқық немесе ол бойынша мәмілелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын, басқа адамға ресімделген жылжымайтын мүлік (ғарыш объектілерінен және магистральдық құбырлардың желілік бөлігінен басқа);  құрылыс нормалары мен қағидаларына, сондай-ақ өздері орналасқан, жария ету субъектісіне меншік құқығында тиесілі жер учаскесінің нысаналы мақсатына сәйкес келетін, Қазақстан Республикасының аумағында тұрған үйлер (құрылыстар, ғимараттар); Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде тұрған жылжымайтын мүлік жария етуге жатады.

Мүлiктi (ақшадан басқа) жария етудi өткiзу үшін жария ету субъектілері комиссияға немесе мемлекеттік кіріс органына мынадай құжаттарды: белгіленген нысан бойынша мүлiктi жария етудi өткiзуге арналған өтiнiшті;  өтінішті берген кезде түпнұсқасын көрсету арқылы жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесiн; заңнамамен көзделген өзге де құжаттарды тапсырады.

Басқа тұлғаға ресiмделген мүлiктi жария ету үшін құжаттар тiзбесiне қосымша нақты мынадай құжаттарды мүлікке меншiк құқығын белгілейтін құжаттың (нотариат куәландырған) көшірмесін; басқа тұлғаның жария ету субъектісіне мүлікті өтеусiз бергенi туралы шарттың (нотариат куәландырған) көшірмесін ұсынады.

Бағалы қағаздарды жария еткен жағдайда бағалы қағаздар бойынша құқықтарды есепке алудың тиiстi жүйесiндегi жеке шоттан үзiндi көшірменi не резидентi бағалы қағаздардың эмитентi болып табылатын мемлекеттiң заңнамасында белгіленген, осы бағалы қағаздарға меншiк құқығын растайтын өзге де құжатты ұсынады.

Заңды тұлғалардың қатысу үлесін жария еткен жағдайда заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін, заңды тұлғаның мөрімен бекемделген мемлекеттік қайта тіркеу туралы заңды тұлға органының шешімін не шешімінен үзінді көшірмені ұсынады.

Құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресiмделмеген, Қазақстан Республикасының аумағында тұрған жылжымайтын мүлiктi жария ететiн жария ету субъектілері комиссияға құжаттар тізбесіне қосымша мынадай құжаттарды ғимараттар мен құрылыстарды объектінің құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкестігіне техникалық тексеруді жүзеге асыратын (аттестатталған сарапшының тізілімі Құрылыс және ТҮКШ комитетінің (kds.gov.kz) сайтында орналастырылған) сарапшының қорытындысын; жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық паспортын (ХҚКО арқылы ресімделеді) ұсынады.

Құжаттарды жария ету субъектілері:

1) Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерлерде тұрған мүлiк бойынша (ақшадан басқа) – жария ету субъектісінің тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына (бұрын – Екібастұз қаласы бойынша салық басқармасы);

2) Қазақстан Республикасының аумағында тұрған мүлiк бойынша (ақшадан басқа) – мұндай мүліктің тұрған жері бойынша комиссияға өтініш тапсырылатын жылжымайтын мүлікті жария ету жағдайларын қоспағанда, жария ету субъектісінің тұрғылықты жері бойынша комиссияға ұсынады.

Ескертпе: мүлікті (ақшадан басқа) жария етуді өткізу жөнінде комиссия  құжаттарды қабылдауды Екібастұз қаласы әкімінің аппаратында № 35 каб., Мәшһүр Жүсіп көшесі 45 мекенжайы  бойынша,  тел.344500 жүзеге асырады.

 

 

 

Екібастұз қаласы әкімінің аппараты