Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу

Бүгінгі таңда жастар мен жасөспірімдер арасында заң бұзушылық жағдайлары көптеп кездесіп жатады. Осындай жағдайдың алдын-алу ересектердің басты парызы. Наурыздың 17 және 18 жұлдызында «Жастар арасында  құқық бұзушылық» деген тақырыпта акция өтті. Бұл шара Екібастұз қаласының құрылыс техникалық колледжінде жалғасын тапты. Акцияны ұйымдастырушылар аталмыш оқу орынның студентерімен кездесу өткізді. Шараны Жастар бастамаларын дамыту орталығы мен қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері бірлесе отырып, қолға алғанды. Оған жастар бастамаларын дамыту орталығының волонтерлары қолғабыс жасады. Жол полиция өкілдері қала көшелеріндегі әр көлікті тоқтатса, жастар машина ішіндегі жандарға құқық бұзушылықтың алдын-алу туралы түсініктемелер жүргізіп, осы тақырыпқа қажетті ақпарат парақтарын таратты. Сондай-ақ, еріктілер жүзден астам тұрғынға құқықтық білім беретін пайдалы кеңестерін ұсына алды.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының инспекторы Бибінұр Сағымбекова 2012 жылыдың 14 желтоқсанындағы Елбасының Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында «Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан,  жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады. Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады», - деген сөзін еске сала келе, жастарды мәдениетті, тәрбиелі азаматтар болуына шақырды. Ал, әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы, капитан Әлия Молдаханова жастарға құқықтық тәртіпті орнату мақсатындағы, қоғамда тәртіпсіздік пен құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» ұстанымын қалыптастырудың  жолдары жайында жан-жақты әңгімелеп берді. Студент жастар болса, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын жолдап, қанағаттанарлық жауаптар алысты. Сонымен қатар, бұл күні жастар арасында  құқық бұзушылық туралы шағын видеоролик көрсетілді.

Ұйымдастырушылар кез-келген құқық бұзушылықтың жақсылыққа апармайтындығын ескерте келе, студент жастардың оқуына сәттілік тіледі.