Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Зарина – үздік жүргізуші

28 ақпанда Павлодар облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы мен мәдени сауық қызметі орталығының ұйымдастыруымен облыстық «Өнер алды – қызыл тіл» жүргізушілер байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау.

Облыстық байқауға Екібастұз қаласы атынан № 25 қазақ қыздар гимназиясының оқушысы Зарина Джимбаева қатысып, 14 үміткердің арасында 5 бөлім бойынша өзара бақ сынады. Олар: «Сәлемдесу» таныстыру бөлімі, «Бізде де талай өнер бар» - көрерменмен жұмыс жасау, «Жүйрік тілді» - жаңылтпашты тез оқып беру, «Сан қырлы» - мәдени шаралардың сценарийін нақышына келтіріп оқу, «Жұлдызды сәт» - шоу немесе ойын-сауық бағдарламасының жүргізу үлгісін көрсету.

Екібастұздық Зарина барлық сыннан сүрінбей өтіп, жүлделі екінші орынға ие болды.

- Байқауға кәсіби мамандар да қатысты. Менің қарсыластарым тәжірибесі мол, мәдени шараларды үнемі жүргізіп жүрген қатысушылар болды. Соған қарамастан, жеңімпаз атандым. Байқауға қатысуға қолдау көрсетіп, дайындаған «Атамұра» мәдениет орталығына алғыс білдіремін, - дейді облыстық жүргізушілер байқауына қатысқан Зарина.