Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



САЙМОН ХИЛ ҚАЗАҚМЫС ПЛС ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ҚЫЗМЕТІНЕ КІРІСТІ

Жариялау күні: 20.05.2013 ж.

Акционерлердің жылсайынғы жиналысының шешіміне сәйкес, Саймон Хил Қазақмыс ПЛС Директорлар кеңесінің Төрағасы лауазымына бекітілді. Сөйтіп, Хил мырза Қазақмыс Тобының тарихындағы Директорлар кеңесінің алғашқы Тәуелсіз төрағасы болып отыр. Хил мырза бес жыл бойы Қазақмыс Тобының атқарушы емес директоры болып, Аудит жөніндегі комитетті басқарған. Қазақмысқа келгенге дейін ол Cathay Pacific, Panmure Gordon & Co PLC сияқты танымал халықаралық компанияларда және Лондон металл биржасында басты лауазымдарда қызмет еткен.

 

2005-ші жылы компания Лондон биржасында листинг өткен сәттен бастап Қазақмыс ПЛС Директорлар кеңесінің Төрағасы лауазымында қызмет етіп келген Владимир Ким, Директорлар кеңесінің атқарушы емес мүшесі болып қалады және де компаниядағы өз үлесін өзгертпестен, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС Президенті ретінде Топты дамытуға атсалысады.

 

Топтың стратегиясын өзгерту жоспарлары көзделмеген. Қазіргі уақытта Қазақмыс Тобы Орталық Азия аймағында жалпы сомасы 6 миллиард долларды құрайтын инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруда. Бағдарламаның басымдық берілген бағыты – Қазақмыстың өндірістік қуатын едәуір арттыратын, Қазақстандағы ең ірі мыс кеніштері - Бозшакөл мен Ақтоғай мыс кен орындарын игеру болып табылады.  

 

«Өткен 8 жыл ішінде біз айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік – тікелей біріктірілген өндірістік холдингті қалыптастыруды аяқтадық, активтерімізді шоғырландырып, олардың тиімділігін арттырдық, корпоративтік басқаруды жақсарттық, халықаралық қаржы нарықтарындағы орнымызды күшейттік және Қазақмыстың әрі қарай өзгеруіне, дамуына тың серпін беретін ірі жобаларымызды икемді түрде қаржыландыруға қол жеткіздік. Енді өкілеттілікті компаниямызды жақсы білетін адам, беделі мінсіз, тәжірибелі басшы, тәуелсіз Төраға Саймон Хилге табыс ететін уақыт келді. Бізді қолданыстағы өндірісіміздің тиімділігін арттыру мен ірі өркендеу жобаларымызды іске асыру секілді ауқымды жұмыстар күтіп тұр және мен компания дамуының осындай маңызды кезеңіне қатысатыныма қуаныштымын. Директорлар кеңесінің барлық мүшесі ортақ мақсатымызға қол жеткізу жолында Хил мырзаға барынша қолдау көрсетеді», - деп атап өтті Владимир Ким.

 

Қазақмыс - мыс, алтын, мырыш, күміс, электр энергиясын өндіруде елеулі активтері бар, табиғи ресурстарды өндіру және өңдеумен айналысатын халықаралық жетекші топ болып табылады.

 

Қазақмыс - Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші әрі 16 кенішке, 10 тау-кен фабрикаларына және екі мыс балқытушы өндірістік кешенге ие болып отырған әлемдегі алыңғы қатарлы мыс өндіруші болып табылады. Тау-кен өндірісі кен өндіруден бастап мыс катанкасын және катодты мыс түріндегі дайын өнім шығаруға дейін толықтай интеграцияланған. 2012 жылы меншікті кеннен 292 мың тонна катодты теңгерімдегі мыс өндірілді. Бұл өндіріс электр энергиясының ішкі тасымалдарымен және ауқымды теміржол инфрақұрылымымен қамтамасыз етіліп тұрады.

 

Kazakhmys Mining бөлімшесі басқа да металлдардың ауқымды көлемін, соның ішінде мырыш, күміс және алтын өндіріп отыр. 2012 жылы Қазақмыс 152 мың тонна мырыш концентратын өндірді. Топ әлемдегі ең ірі деген он күміс өндірушінің бірі боп табылады - 2012 жылы 12,6 млн. унция күміс өндірді.

 

Kazakhmys Power Қазақстандағы ең ірі электр станцияларының бірі болып табылатын Екібастұз ГРЭС-1 көмір электр станциясының 50 пайыздық үлесіне ие. Электр станциясында өндірістік қуаттылығын 3 000 МВт-тан 4 000 МВт-тық өз жобалық қуаттылығына жеткізуге мүмкіндік беретін модернизациялау бағдарламасы қолға алынған. Kazakhmys Power бөлімшесінде Kazakhmys Mining бөлімшесін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыратын электр станциялары бар.

 

Қазақмыс Тобы Лондон қор биржасында және Гонконг қор биржасында айналымға кіреді; сондай-ақ Қазақстан қор биржасында (KASE) да саудаланып келеді. 2012 жылы Топтың ағымдағы қызметінен келген табысы 3,4 млрд. АҚШ долларын, ал сегменттік EBITDA көрсеткіші 1,9 млрд. АҚШ долларын құрады. Топта шамамен 60 000 адам жұмыс істейді, басым бөлігі Қазақстан азаматтары. Қазақмыстың стратегиялық мақсаты – өндірістік активтерді оңтайландыру, өндірісті ұлғайту жөніндегі жобаларды іске асыру және де Орталық Азиядағы ауқымды табиғи ресурстарды игеру мүмкіншіліктерін кеңейтуге қатысу.