Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Қарттарым - асыл қазынам

Сарықамыс ауылдық клубында ауыл әкімшілігі, мектеп және клуб қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ақ жаулықты әжелер мен  ақылдың кенін арқалаған аталарымызды қарттар күні мерекелерімен құттықтап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап,  арттарынан ерген ұрпақтардың әрқашан ойында екенін сездіру мақсатымен "Қарттарым - асыл қазынам" атты мерекелік-қайырымдылық шарасы  өтті.

"Үлкенге құрмет, кішіге ізет" деп халық даналығында айтылғандай, үлкенге құрмет көрсету біздің міндетіміз болып саналады. Ауыл клубында дәстүрге айналған мерекелік дастархан жайылды. Мейрамға келген  қонақтар мәдени шара барысында ерекше көтеріңкі көңіл күйде болды. Ауыл өнерпаздарының  орындауындағы "Әке-ана" , "Немерем" әндері, Солтанбек Аймерейдің орындауында "Керім-айдай", "Ауылым" әндері, Сайлау Бақытгүлдің орындауындағы "Әкеме" әндері көпшілік көңілінен шықты. Мәдени шараны өнер десе ішкен асын жерге қоятын қазыналы қарттарымыз өздері-ақ жалғап әкетті, біреулері күй тартса, келесі біреуі әуелетіп ән салды. Баянның сүйемелдеуімен  үстел-үстел болып ән сайысын шырқады. Мерекеге жиналған қарияларымыз ақ баталарын беріп, риза болып тарасты.